Әлеуметтік желідегі жауапкершілік

 Интернет ‑ шексіз мүмкіндік, бірақ шексіз еркіндік емес. Бүгінде көп адам осы екі ұғымды шатастырып алып жүр. Әсіресе кейінгі жылдары әлеуметтік желілер мен мессенджерлер өмірімізге дендеп еніп, адамдар арасындағы негізгі қарым-қатынас құралына айналғаннан кейін ғаламтордағы жауапкершілік мәселесінің өзектілігі өткір болып келеді.

          Біз интернеттегі қарым-қатынас этикасын қаншалықты сақтап жүрміз? Өмірдегі қатынас мәдениеті секілді ол жерде де жауапкершілік барын білеміз бе? Өкінішке қарай, интернетте ойыңа келгеннің бәрін айту, қалаған адамыңды балағаттау, сөгу, былапыт және балағат сөзді еркін қолдану орны ретінде көретіндер қатары азаймай тұр. Сонымен бірге, көбінесе виртуалды әлемде кикілжіңдер орын алса жеке басқа тиіспеу, артық сөздер айтпау ұмытылуда. Сондай-ақ интернет ресурстарында жеке және заңды тұлғалар жайлы түрлі мәлімет таралуда, олардың суреттері мен видеоларын жариялауда заң аясындағы талаптарды көбіне ескермей жататынымыз жасырын емес.

 Әлеуметтік желіде адамдар заңды білмегендіктен, бірін-бірі қатты сөгіп, жеке басына тиіседі. Мұның барлығына қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық және азаматтық кодекстерінде жауапкершіліктер қарастырылған.

            Әлеуметтік желідегі немесе мессенджердегі тұрпайы сөздердің шынымен қорлау мағынасында айтылғанын анықтау үшін алдымен сот оларды филологиялық сараптамаға жібереді. Солардың берген қорытындысын негізге алып, өзге де дәлел-дәйектер бойынша сот үкім шығарады.

          ҚР Қылмыстық кодексінің 131 бабының 2) тармағына сәйкес, «Қорлау – яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту».

 Біз көтеріп отырған интернеттегі былапыт, балағат сөздерге қатысты жауапкершілік 100 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 120 сағатқа дейінгі мерзімге  қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы көзделген. Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет ‑ 200 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.

          Сонымен қатар, бүгінде әлеуметтік желілерде өзге адамдардың рұқсатынсыз олардың суреттері мен видеоларын айдай әлемге жария қылу фактілері де жиі кездеседі. Сондай-ақ көп адам желіге танымал тұлғалардың суретін рұқсатсыз жүктеп, түрлі алып-қашпа әңгіме таратып жататынын білеміз. Егер жәбірленуші тарап сотқа жүгінетін болса, Азаматтық кодекстің 145-бабы бойынша азаматтық іс қозғалып, талапкердің сұрауымен жауапкерден моральдық шығын өндіріліп алынуы мүмкін. Өйткені аталған баптың 2-тармағында: «Басқа адам бейнеленген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) ‑ бейнеленген адамның келiсiмiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келiсiмiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi», делінген.

Интернет дамыған заманда ел азаматтары құқықтық сауатты көтеріп, әлеуметтік желідегі қарым-қатынас мәдениетін білуге тиіс. Жоғарыда аталған заң бұзушылықтардың соңы көбіне моральдық шығынды өндірумен аяқталады. Желіде отырып жүгенсіздікке жол берген адам қомақты айыппұл арқалағанда ғана қателікке ұрынғанын түсініп, сан соғып жатады. Сондай жандардың қатарынан табылмау үшін желідегі жазбамыз бен пікірімізді жан-жақты сараптап барып жарияласақ, өкінбесіміз анық.

                                                                                   Егіндікөл аудандық сотының аға сот приставы

 А.И.Базылбеков

Запись опубликована в рубрике Архив. Добавьте в закладки постоянную ссылку.