Асхат Аймағамбетов: Сөз бостандығы сақталады, арнайы режим экономикалық тұрақтылықты күшейтеді

Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов Жаңа Конституция жобасындағы сөз бостандығы және арнайы құқықтық режимдер туралы да пікір білдірді.

Оның айтуынша, Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы нақты әрі айқын бекітілген. Сонымен қатар, сын айту құқығы мен адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдейі қорлау ұғымдарының ара-жігі анық ажыратылған.

Лауазымды тұлғалардың қызметін сынауға, олардың жұмысына қатысты пікір білдіруге болады. Бұл – демократиялық қоғамның қалыпты құбылысы. Алайда ешкімді кемсітуге немесе қорлауға жол берілмейді. Мемлекет әр азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға міндетті.

Депутаттың айтуынша, мұндай нормалар қолданыстағы заңнамада бұрыннан бар және халықаралық тәжірибеде кең таралған.

Қоғамда талқыланып отырған тағы бір мәселе – арнайы құқықтық режим енгізу.

Асхат Аймағамбетов бұл норма Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығына ешқандай қауіп төндірмейтінін атап өтті. Керісінше, арнайы режимдерді Конституция деңгейінде бекіту – экономикалық егемендікті күшейтуге бағытталған қадам.

Мұндай тетіктер ірі әрі ұзақ мерзімді инвестициялық жобалар үшін тұрақты құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Конституциялық деңгейдегі кепілдіктер инвесторларға «ойын ережелері» бірнеше жылдан кейін өзгермейтініне сенімділік береді.

Сонымен қатар, бұл жүйе инвесторларға жаңа жұмыс орындарын құру, көлік инфрақұрылымын дамыту және инженерлік желілер салу сияқты нақты міндеттер жүктейді. Нәтижесінде өңірлерде халықтың өмір сапасы жақсарады.

Қорытындылай келе, депутат Жаңа Конституция жобасы заман талабына жауап беретін, қоғам сұранысына сай және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған құжат екенін атап өтті.

Референдум қарсаңында ол әріптестерін өңірлерде белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және азаматтарды толғандыратын сұрақтарға нақты жауап беруге шақырды.

Запись опубликована в рубрике Архив. Добавьте в закладки постоянную ссылку.