«Қазақ тілі- сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің ауызына құм құятын ғажайып кемел тіл»- деп ана тіліне деген махаббатын Бауыржан Момышұлы жеткізіп кеткен.
Ұлттық тіл- ұлттың қорғаны. Қазақтың: «Тілін білмеген тіленіп, дінін білмеген күйініп, елін білмеген күйзеліп өлер» – деген сөзі бар.
Ұлттық тәрбиенің бірден-бір қайнар көзі- ана тілі. Қазақ тілі –халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра, халқымыздың рухани байлығының, ұлттық болмысының, салт- дәстүрі мен мәдениетінің айнасы.
«Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» деген екен Мағжан Жұмабаев. Қазақ тілін меңгеру арқылы жас ұрпақ өз халқының тарихын, мәдениетін, дүниетанымын терең түсініп, ұлттық сана-сезімін қалыптастырады.
Ұлтжанды, отаншыл, елі мен жерін, тілі мен дінін, салты мен дәстүрін шексіз сүйген адам өзгенің де мәдениеті мен тіліне, дәстүріне құрметпен қарай алады. Тіл – қатынастың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың жаны, ары. Біз тіл арқылы ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарды ұрпаққа аманаттай аламыз.
«Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» – деген халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы.
Жер бетіндегі кез келген халықтың мәңгілік болып қалуы – ұлттық тілінің сақталып қалуы болып табылады.
Тәрбиенің өзегі- ана тілі, қазақ тілін меңгеру арқылы бала халқымыздың бай ауыз әдебиетімен, мақал- мәтелдерімен, шешендік сөздерімен танысып,ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді.Тіл тек қатынас құралы ғана емес, ол халықтың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен дүниетанымының көрінісі. Сондықтан да, ана тіліміз ұлттық тәрбиенің негізі, ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа, ар-намысты биік ұстауға баулитын тәрбие құралы болып табылады. Біздің қонақжайлық, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, сияқты құндылықтарды түсініп, бала ұлттық болмысын қалыптастырады, яғнитілді меңгеру арқылы ұрпақ елін, жерін сүйетін, отанын қорғайтын азамат болып өседі.
Ана тілің- арың бұл,
Ұят боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте – деп Қадыр Мырзалиев ағамыз айтқандай, қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен.
Халқымыздың «Қай тілде сөйлесең, сол тілде ойлайсың. Қай тілде ойласаң, сол тілдің жанашырысың», «Өсер ел, алдымен, тілін қадірлейді» деген сөздері есімізден шығармаған дұрыс.
Егіндідікөл аудандық сотының
Бас маман сот мәжілісінің хатшысы Мусина Ф.Ж.
