Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 42-8-бабына сәйкес, тұтынушы сатушыға (өндірушіге, орындаушыға) дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен қарауға ұсынуға құқылы.
Бұл тетік дауларды тиімді шешуге, уақыт пен қаражатты үнемдеуге, сондай-ақ тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы өзара сенімді қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.
- Тұтынушының сотқа дейін реттеу құқығы
Тұтынушы келесі субъектілердің қатысуымен дауды шешуді ұсынуға құқылы:
• төрелік (арбитраж);
• медиатор;
• тұтынушылар бірлестігі;
• қауымдастықтар (одақтар) немесе өзін-өзі реттейтін ұйымдар, олардың мүшесі болып табылатын сатушы (өндіруші, орындаушы).
Сатушы (өндіруші, орындаушы) туралы ақпарат Заңның 33-2-бабына сәйкес орналастырылуы тиіс.
Егер тараптар келіссе, тұтынушылық дауды сотқа дейін қарауға беру туралы жазбаша келісім жасалады. - Өтініш беру тәртібі
Тұтынушы сотқа дейін қарау туралы өтінішті:
• тікелей тиісті субъектке;
• немесе Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы (жазбаша келісім болған жағдайда) жолдай алады.
Сотқа дейін реттеу субъектілері қаралған өтініштердің қорытындылары туралы ақпаратты тоқсан сайын уәкілетті органға ұсынып отырады. - Қолданылатын заңнама
Тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу:
• «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның,
• төрелік туралы,
• медиация туралы,
• және өзін-өзі реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамаларының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қорытынды
Сотқа дейін реттеу тетігі – тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғауға, тараптар арасындағы дауларды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беретін баламалы құрал болып табылады. Бұл тәжірибе кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыруға және тұтынушылар сенімін нығайтуға ықпал етеді.