Ауыл медицинасы дамып жатыр: 38 жаңа нысан бой көтеруде

Ауыл медицинасы дамып жатыр: 38 жаңа нысан бой көтеруде
Облыста «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында үш жыл ішінде 700-ге жуық жаңа медициналық нысан ашылады. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы Нариман Ермек мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ақмола облысында жоба белсенді жүріп жатыр. Жалпы құны — 9,8 млрд теңге. Бұл қаржы ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген.
«Қазір облыста 38 медициналық нысан салынуда. Оның 32-сінің құрылысы аяқталған. 23 нысан халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Қалғандарында жабдық орнату және құжат рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа ауруханалар мен емханалар Бауманское, Мәлік Ғабдуллин ауылы, Айдабул, Еркіншілік және басқа елді мекендерде салынды»,-деді денсаулық сақтау басқармасы басшысы.
Жоба аясында аудандық ауруханалар да жөнделіп жатыр. Атбасар аудандық ауруханасы мен Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасы жаңартылуда. Жаңа жабдықтар орнатылды. Атбасарда ангиографиялық қондырғы мен ультрадыбыстық зерттеу аппараты бар. Алдағы уақытта компьютерлік томограф пен МРТ алу жоспарланып отыр.
Дәрігерлер тапшылығын азайту үшін ауылдарға жаңа мамандар келуде. Оларға тұрғын үй және қаржылай көмек беріледі.
Жаңа нысандар да бой көтеріп жатыр. Степняк қаласында аурухана мен емхана, Максимовка ауылында амбулатория ашылды. Новосельское және Торғай ауылдарында медициналық пункттер салынуда.
«Көкшетау қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 630 орындық жаңа көпсалалы облыстық аурухана салынып жатыр. Құны — 332 млрд теңге. Қосшы қаласында да жаңа емханасы бар аурухана құрылысы басталды»,-деп атап өтті Нариман Ермек.
Бұл жұмыстардың арқасында ауыл халқы сапалы медициналық көмекке жақындайды. Дәрігерге бару уақыты қысқарады. Ауруларды ерте анықтау жеңілдейді.
Қазір облыста 560 медициналық ұйым бар. Онда 12 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Бұл ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға үлкен мүмкіндік береді.

Запись опубликована в рубрике Архив. Добавьте в закладки постоянную ссылку.