Ақмола облысы мектептерінде жаңа тамақтану ережесі енгізілдіОблыстағы мектептерде жаңа тамақтану стандарты енгізіле бастады. Бұл ереже балалардың дұрыс және пайдалы тамақтануына бағытталған. Енді мектеп асханасында берілетін тағам дәмді әрі сапалы болады, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметі.Жаңа жүйе үш мектепте басталды. Олар — IT-лицей, №3 мектеп-гимназия және №19 мектеп. Бұл мектептерде ас мәзірі өзгерді. Қант пен тұз мөлшері азайды. Көкөніс пен жеміс көбейді. Сүт өнімдері міндетті тағамға айналды.Ақмола облысы бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сауле Садвақасованың айтуынша, бұл шаралар балалардың дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру үшін өте маңызды.«Бұрын оқушылар күніне 70 грамм қант тұтынатын. Енді бұл мөлшер 21 грамға дейін азайды. Тұз мөлшері де 8 грамнан 3 грамға төмендеді. Бұрынғыдай тәтті шырын берілмейді. Оның орнына компот пен итмұрын сусыны ұсынылады»,-деді ол.Жаңа ережеде газдалған және энергетикалық сусындарға тыйым салынды. Колбаса мен сосиска да болмайды. Крем қосылған тәттілер берілмейді. Фастфуд пен үйден әкелінген тағамға да рұқсат жоқ.Барлық тағам санитарлық талаптарға сай дайындалады. Бұл талаптың орындалуын мектеп қызметкерлері мен қамқоршылық кеңес бақылайды.Мамандардың айтуынша, басты мақсат — балаларды дұрыс әрі пайдалы тамақтануға үйрету.«Енді мектеп жүйесіне «қалдық индексі» енгізілді. Бұл көрсеткіш арқылы балалардың қанша тағам жегені және қаншасын қалдырғаны анықталады. Егер тағам ұнамаса, мәзір өзгереді. Бірақ тағам пайдалы күйінде қалады»,- деді Сәуле Садвақасова.Жаңа стандарт Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің қатысуымен жасалды. Сондай-ақ ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да атсалысты. Бұл ереже болашақта барлық мектептерде енгізіледі.Ақмола облысы бұл істі бірінші болып қолға алды. Облыс мектептері пайдалы әрі қауіпсіз тамақтану жүйесін қалыптастырып жатыр.Дұрыс тамақтану — баланың денсаулығы үшін маңызды. Жаңа ереже мектеп асханасын пайдалы өмір салтын қалыптастыратын орынға айналдырады.
Запись опубликована в рубрике Архив. Добавьте в закладки постоянную ссылку.