Қараөткел ауылындағы IT-лицейде «Прокурор сағаты» өтті. Оған 300-ге жуық оқушы қатысты. Кездесуде жасөспірімдердің күнделікті өмірде және цифрлық ортада жиі кездесетін мәселелері — буллинг пен кибербуллинг, қатарластар арасындағы жанжал, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік және құқық бұзушылық үшін жауапкершілік туралы сөз болды.
«Прокурор сағаты» Ақмола облысының мектептерінде тұрақты түрде өткізіледі. Апта сайын ұйымдастырылатын кездесулер өңірдегі 518 мектептің барлығын қамтиды. Оның негізгі мақсаты — кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Қараөткелдегі кездесу де дәстүрлі дәріс форматында өткен жоқ. Оқушыларға мектепте, аулада немесе интернетте кездесуі мүмкін түрлі жағдайлар ұсынылып, оларды бірге талқылады. Жасөспірімдер кәдімгі пікірталас пен буллингтің аражігін қалай ажыратуға болатынын, жанжал кезінде өзін қалай ұстау керектігін және жағдай күрделене түскен жағдайда кімнен көмек сұрау қажет екенін талқылады.
Әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Прокурор чаттардағы балағат сөздер, қорлайтын материалдарды тарату және буллингке қатысу құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін түсіндірді. Оқушыларға интернетте ақпарат жариялау немесе оны қайта тарату жауапкершіліктен босатпайтыны айтылды. Сондықтан әр адам өз сөзі мен әрекетіне жауапкершілікпен қарауы керек.
Оқушылар әңгімеге белсенді қатысып, сұрақтарын қойып, өздеріне таныс жағдайлар бойынша мысалдар келтірді.
— Кейде жасөспірімдер басқа адамды қорлау немесе кемсіту әрекетін әзіл ретінде қабылдайды. Алайда мұндай әрекеттердің салдары болуы мүмкін екенін түсіну маңызды. Жанжал туындаған жағдайда мәселені қысым көрсету немесе агрессия арқылы шешуге болмайды. Мұндай кезде ата-анаға, педагогке немесе мамандарға дер кезінде жүгінген дұрыс, — деді Целиноград ауданы прокуратурасының прокуроры Темірлан Асылбеков.
Сонымен қатар лицейде оқушыларға заң талаптарын сақтау, өзге адамдардың құқықтарын құрметтеу және жауапты мінез-құлыққа арналған тақырыптық сабақтар өтті.
Мұндай кездесулер оқушыларға құқықтық білім беріп қана қоймай, өздерін толғандыратын мәселелерді мамандармен ашық талқылауға мүмкіндік береді. Әсіресе жасөспірімдер үшін туындаған мәселені дер кезінде байқап, қажет болған жағдайда қайда және кімге жүгіну керектігін білу маңызды.
