Қорғаныс министріне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктелді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерді дамыту және әскерді реформалау бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

🔹 Бірінші міндет – бюджет қаражатын тиімді жұмсау. Бөлінген қаржы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Мақсатсыз шығын мен қаражатты талан-таражға салуға жол берілмейді.

🔹 Екінші міндет – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді реформалау. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жоспарын әзірлеуі керек. Сондай-ақ әскери лауазымдарға тәжірибелі әрі білікті кадрларды іріктеудің ашық критерийлерін енгізу тапсырылды.

🔹 Үшінші міндет – әскердегі идеологиялық және тәрбие жұмысын күшейту. Армия кәсіби даярлық пен білімді шыңдап, жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтін жоғары кәсіби институт болуы тиіс. Әскери қызметшілердің өмірі мен қауіпсіздігіне басымдық берілуі қажет.

Президент сондай-ақ әскери қызмет туралы объективті ақпарат тарату маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев нақты әрі кезең-кезеңімен іске асатын реформалау жоспарын әзірлеуді тапсырды. Жоспар қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.

Президент Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына әскерді реформалау үдерісін үйлестіруді тапсырды.

Запись опубликована в рубрике Архив. Добавьте в закладки постоянную ссылку.