Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жариялылығы – қазіргі мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі. Осыған байланысты азаматтар арасында мемлекеттік қызметшіні жеке қабылдау барысында суретке немесе бейнетаспаға түсіруге бола ма деген сұрақ жиі туындайды.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметі ашықтық және ақпаратқа қолжетімділік қағидаттарына негізделеді. Мемлекеттік қызметші заңмен қорғалатын мәліметтерді қоспағанда, өзінің қызметтік өкілеттіктері шегінде қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті.

Сонымен қатар азаматтарды жеке қабылдау кезінде фото және бейнетүсірілім жүргізу барысында дербес деректерді қорғау туралы заңнама талаптары мен қабылдауға қатысушылардың құқықтары сақталуы тиіс. Егер қабылдау бөлмесінде басқа азаматтар болса, олардың бейнесі, жеке деректері немесе өтінішінің мазмұны заңда көзделген негіздерсіз жарияланбауы керек.

Мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндетін атқару кезінде оның әрекеттерін фотоға немесе бейнежазбаға түсірудің өзі заң бұзушылық болып саналмайды. Алайда мұндай түсірілім азаматтарды қабылдау процесіне кедергі келтірмеуге, басқа адамдардың құқықтарын бұзбауға, мемлекеттік органның жұмысына бөгет жасамауға және қолжетімділігі шектеулі ақпараттың таратылуына жол бермеуге тиіс.

Егер бейнежазба бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желілерде жарияланатын болса, онда адамның бейнесін пайдалану және дербес деректерді қорғау жөніндегі заңнама талаптарын сақтау қажет. Сонымен бірге заңнамада адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға жол берілетін жағдайлар да көзделген. Соның бірі – ақпараттың оның қызметтік немесе жария қызметіне қатысты болуы.

«Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың құқықтары мен міндеттерін өзара құрметтеуге негізделеді. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы заң талаптарын сақтау, дербес деректерді қорғау және азаматтарды қабылдауға қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз етумен ұштасуы тиіс.

Запись опубликована в рубрике Архив. Добавьте в закладки постоянную ссылку.