Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Саябақтар, гүлзарлар, жағажайлар, алаңдар және өзге де көпшілік демалатын орындарға күн сайын тұрғындар мен өңір қонақтары келеді. Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішуге, ұсақ бұзақылық жасауға және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады. Қазақстанда құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың заң талаптарын сақтау жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заң қолданылады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабына сәйкес көшелерде, саябақтарда, гүлзарларда, жағажайларда және өзге де қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым салынады. Ерекше жағдай ретінде алкоголь өнімдерін сатуға рұқсаты бар қоғамдық тамақтану орындары ғана қарастырылады. Сондай-ақ қоғамдық орында адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық имандылықты қорлайтын мас күйінде жүру де әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Аталған құқық бұзушылық үшін *5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда *10 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.
ӘҚБтК-нің 434-бабына сәйкес қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, азаматтарға тиісу немесе қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзатын өзге де әрекеттер ұсақ бұзақылық болып саналады. Мұндай құқық бұзушылық үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, құқық бұзушыға он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылады.
Полиция қызметкерлері демалыс орындарында абаттандыру нысандарын бүлдіруге, аумақты ластауға, тыныштықты бұзуға және айналадағы адамдарға қолайсыздық туғызатын басқа да заңға қайшы әрекеттерге жол берілмейтінін ескертеді. Мұндай әрекеттер үшін де қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, айналадағы адамдарға құрметпен қарау және заң талаптарын орындау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. «Заң мен тәртіп» қағидаты әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Заң талаптарын сақтау қоғамдағы тыныштықты, қауіпсіздікті және қоғамдық орындардағы қолайлы ортаны қамтамасыз етудің басты кепілі болып табылады.

