Ақмола облысында экологиялық бақылау күшейтілді

Өңірде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау және халыққа мемлекеттік қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жыл басынан бері Экология департаменті жүздеген мемлекеттік қызмет көрсетіп, экологиялық талаптардың орындалуына бақылауды күшейтті. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары – Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Тұрар Қартамұлы мәлімдеді.

Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында департамент 411 мемлекеттік қызмет көрсетті. Олардың барлығы электрондық форматта ұсынылды. Қызметтердің қатарында І санаттағы объектілерге экологиялық рұқсат беру, жоспарланып отырған қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша қорытынды шығару, қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды беру және кешенді экологиялық рұқсаттарды рәсімдеу бар.

Есепті кезеңде мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты бірде-бір шағым тіркелмеген және қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуына жол берілмеген.

Сонымен қатар мемлекеттік экологиялық бақылау аясында жыл басынан бері 25 тексеру жүргізілді. Оның нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарының 55 бұзушылығы анықталып, оларды жою жөнінде міндетті нұсқамалар берілді.

Құқық қорғау органдарынан келіп түскен материалдар негізінде бірқатар әкімшілік істер қаралды. Сонымен қатар заң талаптарын сақтамаған лауазымды тұлғалар мен заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Олардың арасында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін уақытылы жоймағаны немесе қоқыс орындарының өртенуіне жол бергені үшін ауылдық округ әкімдері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының жауапты мамандары және коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері бар.

Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Экология департаментінің аккредиттелген сынақ зертханасының жұмысы ерекше маңызға ие. Зертхана атмосфералық ауаға, табиғи және сарқынды суларға, топыраққа, өндірістік шығарындыларға, сондай-ақ қоршаған ортаның физикалық факторларына тұрақты зертханалық бақылау жүргізеді.

Жыл басынан бері зертхана мамандары 190-ға жуық сынама алып, 650-ден астам зертханалық зерттеу жүргізді. Бұл жұмыстар өңірдегі экологиялық жағдайды тұрақты бақылауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Бүгінде облыста 2026–2028 жылдарға арналған Ақмола облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасы іске асырылуда. Құжат атмосфералық ауаны қорғау, су ресурстарын сақтау, жердің ластануын азайту, өсімдіктер дүниесін қорғау, қалдықтарды басқару, радиациялық, биологиялық және химиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді дамыту бағыттарын қамтиды.

Өңірдегі негізгі экологиялық мәселелердің қатарында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуы, су бұру жүйелерінің тозуы және бірқатар елді мекендерде кәріз-тазарту құрылыстарының ескіруі немесе болмауы бар.

“Қоршаған ортаны қорғау – баршамызға ортақ міндет. Экологиялық талаптардың сақталуы тек мемлекеттік бақылауға ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне де байланысты. Біздің мақсатымыз – заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру. Бұл бағытта мемлекеттік бақылау, зертханалық мониторинг және алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілуде”, – деді Ақмола облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары – Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Тұрар Қартамұлы.

Запись опубликована в рубрике Архив. Добавьте в закладки постоянную ссылку.