Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өңір тұрғындарынан тауарларды қайтарудан негізсіз бас тарту фактілері бойынша өтініштер келіп түсті. Аталған жағдайлар дәстүрлі сауда нысандарында да, әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылатын қашықтан сауда барысында да орын алған.
Бірінші жағдайда тұтынушы электр тұрмыстық құралын сатып алған. Тауарды бір реттік тексеруден кейін оның техникалық сипаттамалары тұтынушының қажеттілігіне сай келмеген. Заңнамада белгіленген мерзімде сатып алушы сатушыға ақшасын қайтару туралы талап қойған. Алайда сатушы тауарды жеке гигиена бұйымдары мен медициналық мақсаттағы, қайтаруға жатпайтын тауарлар қатарына жатқызуға тырысып, талапты қанағаттандырудан бас тартқан.
Өтінішті қарау барысында сатушының тауардың қайтарылмайтын тауарлар тізбесіне жататынын растайтын құжаттарды ұсынбағаны, сондай-ақ сатып алу сәтіне дейін тұтынушыға тауарды қайтару мүмкін еместігі туралы ақпарат берілгенін дәлелдейтін айғақтардың жоқтығы анықталды. Сонымен қатар сатушы тарапынан тауардың пайдаланылғанын дәлелдеуді талап ету заңнама талаптарына қайшы келіп, тұтынушының құқықтарын бұзған.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 14-бабына сәйкес, тұтынушы тауар сатып алынған күннен бастап 14 күнтізбелік күн ішінде, егер ол тауар пішініне, өлшеміне, габаритіне, жинақталуына немесе басқа да сипаттамаларына сәйкес келмесе, тауардың тауарлық түрі мен тұтынушылық қасиеттері сақталған жағдайда, оны қайтарып, ақшасын талап етуге құқылы. Бұл ретте кассалық чектің болмауы, төлемді растайтын өзге де дәлелдер болған жағдайда, талапты қанағаттандырудан бас тартуға негіз болып табылмайды.
Екінші жағдайда Ақмола облысының тұрғыны Instagram әлеуметтік желісі арқылы сауда жүргізетін интернет-дүкен сатушысының әрекетіне шағымданған. Тұтынушы 12 000 теңгеге автокөлік панеліне арналған жапқыш сатып алған. Төлем банк қосымшасы арқылы жүргізіліп, тауар пошта қызметі арқылы алынған. Алайда алынған бұйымның жарияланған өлшемдерге сәйкес келмейтіні және автокөлік панеліне сай келмейтіні анықталған.
Тұтынушы бұл туралы сатушыға хабарлап, тауардың сәйкессіздігін растайтын бейнематериал жолдаған. Алайда сатушы байланысқа шығуды тоқтатып, тұтынушыны мессенджерде бұғаттаған. Сатушының атына досудебелік талап жолданған.
Департамент тарапынан Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қолданыстағы заңнамасы аясында тиісті жұмыс жүргізілді. Өтініштерді қарау нәтижесінде екі жағдайда да тұтынушылардың құқықтары қалпына келтіріліп, төленген қаражат толық көлемде қайтарылды.
Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тауар сапасыз болған жағдайда тұтынушының ақшасын қайтаруды немесе тауарды ауыстыруды талап етуге құқылы екенін еске салады. Сатушы дауды ерікті түрде реттеуден бас тартқан жағдайда азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін аумақтық департаментке жүгіне алады.
Департамент кәсіпкерлерді заңнама талаптарын қатаң сақтауға, ал тұтынушыларды өз құқықтарының бұзылу фактілерін назардан тыс қалдырмауға шақырады.