Ақмола облысында ана өлімі тіркелмедіАқмола облысында денсаулық сақтау саласы барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамика көрсетіп отыр. Өңірде заманауи ауруханалар салынуда, цифрлық технологиялар енгізілуде және кадр тапшылығы мәселесі жүйелі түрде шешілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек мәлімдеді.Инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Көкшетау қаласында 630 орындық жаңа көпбейінді аурухана құрылысы 50 пайыздан астам аяқталған. Аталған жоба диагностикадан бастап оңалтуға дейінгі толық қызмет көрсететін заманауи медициналық кешенге айналмақ. Сонымен қатар ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің 38 жаңа нысаны пайдалануға берілді. Атбасар қаласында аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды.«Денсаулық сақтау жүйесі инфрақұрылым, жабдық, кадр және цифрландыру бағыттары бойынша кезең-кезеңімен дамып келеді. Қазіргі таңда біз жаңғыртудың белсенді кезеңіндеміз, барлық өзекті мәселелерді ашық айтып, жүйелі түрде шешудеміз», – деді Нариман Ермек.Өңірде әлеуметтік маңызы бар аурулармен күресте де айтарлықтай нәтижелер бар. Жаңа медициналық құрал-жабдықтар мен ерте диагностиканың арқасында қант диабетінен болатын өлім-жітім 85 пайызға, ал миокард инфарктісінен болатын өлім 40 пайызға төмендеді. Сонымен қатар телемедицина қарқынды дамып, тұрғындарға 130 мыңнан астам қашықтан медициналық қызмет көрсетілді. Денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект негізіндегі жүйелер де енгізілуде.Кадр тапшылығын шешу мақсатында өңірде ауылдық және қалалық жерлерге жұмысқа келген дәрігерлерге қаржылай қолдау көрсетілуде. Әсіресе, аса қажетті мамандық иелеріне ерекше жағдай жасалған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыстың медицина саласына 250-ден астам қызметкер тартылды.Жедел жәрдем қызметі де тұрақты жұмыс істеуде. Қазіргі таңда жедел жәрдем автопаркі 100 пайыз қамтамасыз етілген, бұл тұрғындарға уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.Есепті кезеңде Ақмола облысында ана өлімі тіркелмегені – өңірдегі денсаулық сақтау саласының тиімді жұмысының нақты көрсеткіші.
Запись опубликована в рубрике Архив. Добавьте в закладки постоянную ссылку.