Апостильдеу – құжаттардың халықаралық заңдылығын растау

Қазіргі таңда азаматтардың шетелде білім алуы, жұмыс істеуі, емделуі немесе тұрақты тұру мақсатында басқа мемлекеттерге шығуы жиілеп отыр. Осындай жағдайларда Қазақстан Республикасында берілген ресми құжаттарды шетелде пайдалану қажеттілігі туындайды. Мұндай құжаттардың заңдылығын растаудың негізгі тәсілдерінің бірі – апостиль қою рәсімі.

Апостиль – бұл ресми құжаттың түпнұсқалығын куәландыратын арнайы мөр. Ол құжатқа қол қойған лауазымды тұлғаның өкілеттілігін, сондай-ақ құжаттағы қолтаңба мен мөрдің шынайылығын растайды. Апостиль қою тәртібі 1961 жылғы Гаага конвенциясы талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған халықаралық шартқа қатысушы мемлекеттер бір-бірінің апостиль қойылған құжаттарын қосымша консулдық заңдастырусыз таниды.

Қазақстан Республикасы да осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің қатарына кіреді. Сондықтан еліміздің аумағында берілген және апостиль қойылған ресми құжаттар конвенцияға мүше басқа мемлекеттердің аумағында заңды күшке ие болады.

Апостиль көбінесе білім туралы құжаттарға (дипломдар, аттестаттар), азаматтық хал актілерін тіркеу құжаттарына (туу, неке туралы куәліктер), нотариалдық құжаттарға, сондай-ақ сот органдары шығарған ресми құжаттарға қойылады. Сот органдары берген кейбір құжаттарды шетелде пайдалану қажет болған жағдайда, оларға да белгіленген тәртіппен апостиль қойылады.

Сот органдары мынандай құжаттар бойынша апостиль қояды:

  • Соттың заңды күшіне енген шешімдері, үкімдері, қаулылары;
  • Соттан берілген анықтамалар;
  • Сот іс материалдарынан алынған ресіми үзінді көшірмелер;
  • Сот қызметкерлерінің қолы қойылған және сот мөрімен расталған өзге де ресми құжаттар.

Апостиль қызметің көрсету формасы: электрондық (бөліктей автоматтандырылған) және қағаз түрінде.

Мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініш қабылдау және нәтижесін беру жүзеге асыратын мекемелер:

1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғам;

2) www.egov.kz «Электрондық үкімет» веб-порталы;

3) Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігінің кеңсесі (дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің өтініштері  бойынша).

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне келетін болсақ, құжаттар пакетін тапсырған сәттен бастап:

  • Порталда – 1 (бір) жұмыс күні;
  • Аймақтық орталықтардағы, республикалық маңызы бар қалалар мен астанадағы мемлекеттік корпорация филиалдарына – 1 (бір) жұмыс күні;
  • Мемлекеттік корпорацияның басқа филиалдарына – 5 (бес) жұмыс күні;
  • Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінің өтініштері бойынша – 5 (бес) жұмыс күні.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі: Апостильмен расталған құжат – арнайы мөрмен белгіленген, тұлғаның  қолының шынайылығын және оның өкілеттігін растайтын, сондай-ақ құжатқа  қойылған мөр немесе штамптың шынайылығын растайтын құжат немесе  мемлекеттік қызмет көрсетуден негізді бас тарту.

Қызмет алушылар  жеке және заңды тұлғалар болып табылады.

Қызметтің құны (мемлекеттік баж) әр апостильделетін құжат үшін 0,5 АЕК.

Апостильдеу рәсімі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда маңызды рөл атқарады. Бұл рәсім құжаттарды шетелде заңды түрде пайдалануға мүмкіндік беріп, халықаралық құқықтық қатынастардың тиімді жүзеге асуына ықпал етеді.

Сондықтан азаматтарға шетелде пайдалану жоспарланған ресми құжаттарды алдын ала апостильдеу қажеттігін ескерген жөн. Бұл құжаттарды қабылдаушы мемлекеттердің талаптарына сәйкес рәсімдеуге және түрлі құқықтық мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Егіндікөл аудандық соты

Сот әкімшісінің басшысы

А.Е.Ауесханова

Запись опубликована в рубрике Архив. Добавьте в закладки постоянную ссылку.