Дәл осы тұрғыда Ақмола облысында облыстық активтің қатысуымен кеңес өтіп, жаңа Конституция жобасы мен оның практикалық маңызы талқыланды.
«Конституцияны жаңарту қажеттілігі қоғамдық үміттердің өзгеруіне байланысты. Бүгінде азаматтар мемлекеттен рәсімдердің формалды сақталуын емес, құқықтарының нақты қорғалуын, әділ шешімдер мен ашық диалогты күтеді. Конституция Негізгі заң ретінде осы үміттерге сай келіп, мемлекеттік басқару жүйесінің барлығына айқын бағдар беруі тиіс», – деп атап өтті Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Елдос Рамазанов.
Реформа үдерісінде өңірлердің қатысуы айрықша маңызға ие. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамына Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов кіріп, оның барлық отырыстарына қатысқан. Кеңесте сөз сөйлеген ол комиссия жұмысы басталғаннан-ақ қоғаммен ашық диалог форматында жүргізілгенін, ал ұсынылып отырған Конституция жобасы жабық шешімдердің емес, кең ауқымды қоғамдық талқылаудың нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өзгерістердің ауқымы мен адамның қадір-қасиетін қорғауға бағытталуы қоғамдық дамудың жаңа негізі қалыптасып жатқанын көрсетеді.
Кеңес барысында атап өтілгендей, бүгінгі қоғамдық сұраныс рәсімдердің формалды орындалуына емес, адам құқықтарының нақты қорғалуына, шешімдердің әділдігі мен биліктің жауапкершілігіне бағытталған. Дәл осы сұраныс жаңа Конституция жобасының негізіне алынған. Адамға бағдарланған қағидат күшейтіліп, құқықтар мен бостандықтарды қорғау тетіктері кеңейтіледі, мемлекеттік органдардың қабылдайтын шешімдері үшін жауапкершілігі арта түседі.
📱 t.me/Aqmola_region