– Қазақ даласында әлемдегі ең негізгі діндер мен конфессиялардың барлығы дерлік тараған және бір-бірімен жарасым тапқан. Біз қазіргі Қазақстанда да осы игі дәстүрді сақтап, одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуда тәжірибесі мол. Қазақстанның этностық әрі діни толеранттық моделі «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына сүйенеді. Бұл ұстаным тіпті әлемдік өлшем тұрғысынан бірегей саналатын Қазақстан халқы ассамблеясының қызметінде де көрініс тапқан. Тарихтың өзі қалыптастырған халқымыздың төзімі, ынтымақ-бірлігі мен кең дүниетанымы бүгінде еліміздің бейбітсүйгіш, теңгерімді сыртқы саясатынан анық аңғарылады. Бұл саясат сенімге, диалогқа және ынтымақтастыққа негізделген. Жалпыға ортақ осы құндылықтар мен қағидаттар барша халықтар мен мемлекеттер үшін де маңызды екеніне сенімім кәміл, – деді Президент.
✔️Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Съезд аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының діни нысандарды қорғау жөнінде арнаулы сессиясы ұйымдастырылғанын атап өтіп, жаһандағы гуманистік күн тәртібін ілгерілетуге сіңірген еңбегі үшін Альянстің жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиносқа ризашылығын білдірді.