2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Қазақстанда екінші Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл – БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) ұсынымына сәйкес, әр 10 жыл сайын бір рет өткізілуі тиіс маңызды статистикалық іс-шара. Алғашқы санақ 2006–2007 жылдары өткен.
Санақтың мақсаты – ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жағдайы туралы толық әрі өзекті ақпарат жинау: шаруашылықтардың құрылымы, техника мен жануарлар саны, егіс алаңдары және басқа да ресурстар. Бұл мәліметтер мемлекетке тиімді аграрлық саясат әзірлеуге, фермерлерді қолдауға және саланы дамытуға көмектеседі.
Санақ екі кезеңде өтеді:
1–31 тамыз – онлайн-кезең.
Барлық ауыл шаруашылығы өндірушілері gov.kz сайтында сауалнаманы өз бетінше толтыра алады. Бұл – жылдам, ыңғайлы және қауіпсіз.
20 қыркүйек – 20 қазан – офлайн-кезең.
Онлайн-сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарын интервьюерлер планшет арқылы жеке аралап, сауалнама жүргізеді.
Қатысуы тиіс тұлғалар:
Өсімдік шаруашылығымен, мал шаруашылығымен немесе балық өсірумен айналысатын ЖШС, жеке кәсіпкерлер және шаруа (фермер) қожалықтары;
Ірі қара, құс өсіретін, бау-бақша ұстайтын жеке қосалқы шаруашылық иелері.
Сұрақтар мынадай тақырыптарды қамтиды:
Ауыл шаруашылығы жерлерінің болуы және түрлері;
Мал мен құс саны;
Қолданыстағы техника;
Егіс алқаптары және т.б.
2025 жылғы 1–31 тамыз аралығында санақтың бірінші кезеңі өтеді. Осы кезеңде барлық қатысушылар sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнамадан өте алады. Онда екі түрлі сауалнама қолжетімді болады – ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін және үй шаруашылықтары үшін. Бұл туралы Kazpravda.kz ҚР Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлады.
Заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары
Өсімдік, мал немесе балық шаруашылығымен айналысатындар 2-СХП/КФХ сауалнамасын толтыруы тиіс. Ол 9 бөлімнен және 29 сұрақтан тұрады. Бұл сауалнамада жер көлемі, оны пайдалану тәсілі, суару әдістері, жердің меншікте немесе жалда екенін көрсету қажет.
Сондай-ақ, мал, құс, балық саны, техника мен жабдық, қоймалар және басқа да нысандар туралы ақпарат сұралады. Қатысушылар тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, органикалық өнім шығару, өнімді сату немесе тұтыну, жұмысшылар саны мен олардың сипаттамалары туралы мәлімет береді.
Егер шаруашылық бірнеше өңірде жұмыс істесе, әр өңір үшін бөлек сауалнама толтырылуы тиіс. Онда жер, егістік, мал мен құстың нақты орналасқан жері көрсетілуі керек.
Үй шаруашылықтары (3-ЛПХ сауалнамасы)
Өсімдік өсірумен немесе мал, құс ұстаумен айналысатын үй шаруашылықтары да санаққа қатысады. Сауалнама 8 бөлімнен, 22 сұрақтан тұрады. Онда өсірілетін дақылдар, мал мен құс саны, жайылымдардың пайдаланылуы, мал ұстауға арналған құрылыстардың бар-жоғы, өнімнің сатылуы немесе жеке тұтынуға арналғаны көрсетіледі.
Барлық деректер құпия сақталады және тек статистикалық мақсатта пайдаланылады.
