Ақмола облысындағы Қорғалжын ауданында жаңа даму кезеңі басталды. Бірегей табиғи қорығымен және дәстүрлі «Қызғылт қоқиқаз» фестивалімен танымал өңір өзінің 100 жылдық мерейтойына экономикалық және әлеуметтік жағынан тың серпінмен қадам басып отыр. Бұл туралы аудан әкімі Алмас Алин брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммцникациялар қызметінен.
Аудан экономикасының негізгі қозғаушы күші ауыл шаруашылығы. 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 21,2 млрд теңгені құрады. Әсіресе, егін шаруашылығы қарқынды дамуда. Өсім екі еседен асты. Орташа гектар түсімі 13 центнерге жетіп, жалпы жиналған өнім 198 мың тоннаға жетті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 79% жоғары. Мал шаруашылығы да қарқын алуда: өндіріс көлемі 28%-ға артып, сүт өндіру 5,8 мың тоннадан асты.
“Ауыл шаруашылығы техникасын белсенді түрде жаңартылудамыз. Бір жыл ішінде 1 млрд теңгеге 42 бірлік техника сатып алынды. Құрылыс саласы да жоғары қарқынмен дамып келеді: жұмыстардың жалпы көлемі 5,6 млрд теңгеге жетіп, 2 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді” , деді әкім.
Шағын және орта бизнес те өсім үстінде. Ауданда 730-дан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 5,2 млрд теңгеден асып, екі есеге ұлғайды. Сауда саласы да дамып келеді. Бұл жаңа сауда нысандарының ашылуымен байланысты.
Инфрақұрылымды жаңғырту басты назарда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жолдарды жөндеу, көше жарықтандыру және ауызсумен қамту жобалары іске асырылуда. Тек 2024 жылы Нұра топтық су құбырының қайта жаңғыртылуы аясында 184 бақылау құдығы орнатылып, 98 шақырым құбыр тартылды. Бүгінде тұрғындардың 94%-ы сапалы ауызсумен қамтылған.
Жергілікті халық үшін үлкен маңызға ие жобалардың бірі Қорғалжын ауылындағы алғашқы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Бұл спорт нысанынан да артық, жастар үшін өсу алаңы мен ауданның өзгерістерінің символына айналды.
“Алайда, биылғы жылдың басты тақырыбы ауданның 100 жылдық мерейтойы. Осыған орай бірқатар ірі жобалар қолға алынған: аудан энциклопедиясын шығару, қоғамдық музей ашу, көшелерді абаттандыру, ұлттық нақыштағы кіру аркаларын орнату, 3200 ағаш отырғызу, естелік саябақ салу және Кеңбидайық ауылында құс шаруашылығын іске қосу” , деді спикер.
Қорғалжын ауданы бұл тек ерекше табиғат пен туризм әлеуеті ғана емес, сондай-ақ, біртіндеп сапалы өмір сүру ортасын қалыптастырып келе жатқан өңірдің үлгісі. Мерейтой тек тарихи күн ғана емес, жаңа кезеңнің бастауы.