Ақмола облысында жасырын цех пен төрт қаржылық пирамида қызметі тоқтатылды
2025 жылдың басынан бері Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері қаржы-экономикалық салада 16 құқық бұзушылықты анықтады. Бұл туралы департамент басшысының орынбасары Алмас Баймурзин брифинг барысында мәлім етті, деп хаабрлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Спикердің, бұл жұмыстар Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында жүргізіліп жатыр.
«Тек бес айдың ішінде төрт қаржылық пирамиданың қызметі тоқтатылып, «Domestos» брендімен контрафактілі өнім шығаратын жасырын цех жойылды», – деді Алмас Баймурзин.
Жасырын өндіріс орнына жүргізілген тінту барысында 4 мыңнан астам дайын өнім құтылары, жабдықтар, бос ыдыстар, жапсырмалар және химиялық концентраттар тәркіленген. Сонымен қатар, соңғы бір жарым жыл ішінде тазартылған алтынды заңсыз өндірумен, сатып алумен және өткізумен айналысқан үш топтың қызметі тоқтатылған. Бұл топтардың екеуінің мүшелері сотталып, үшінші топқа қатысты тергеу жалғасуда.
«Біздің басты міндетіміз – ұйымдасқан қылмыстық схемаларды ертерек анықтап, ауқымды залал келмей тұрып олардың жолын кесу», – деп атап өтті спикер.
Биылғы жылы әлеуметтік желілерде қаржылық пирамидалар мен онлайн-казиноны жарнамалаған сегіз чат пен аккаунт бұғатталды. Бұл топтарда шамамен екі мың пайдаланушы болған. Сонымен қатар, мыңнан астам заңсыз контент сілтемелерін бұғаттауға жолданды.
«Біз интернет кеңістігін тұрақты түрде бақылап отырамыз және азаматтарды көлеңкелі схемаларға тарту әрекеттеріне дереу әрекет етеміз. Бұл – біздің алдын алу шараларымыздың бір бөлігі», – деді Алмас Баймурзин.
Криптовалюта айналымының заңсыз фактілері де ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Ағымдағы жылы заңсыз айналым сомасы 986 млн теңгеден асатын екі іс тіркелген. Солардың бірі бойынша тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған. 4 мың USDT (шамамен 1,8 млн теңге) көлеміндегі цифрлық активке бұғат қойылған.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақты түрде талдап, көлеңкелі экономиканың өсуіне ықпал ететін факторларды зерттеп отырады.
«Жедел жұмыс пен аналитикалық мониторингті ұштастыра отырып, біз алдын ала әрекет етуге тырысамыз», – деп түйіндеді Алмас Еркінұлы.
Экономикадағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс Мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия аясында жалғасатын болады.
