Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында ақпараттық жүйедегі мерзім бұзу фактілеріне мониторинг жүргізу барысында 111 бұзушылық анықтады.
Мысалы, Сандықтау ауданының тіркеу және жер кадастры бөлімі 4 азаматқа «Жобаланатын жер учаскесін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінің графикалық деректерімен келісу» қызметін көрсету мерзімін бұзған.
Бұзушылықтар анықталған уақытта өтініш берушілерге қызмет көрсету нәтижелері ұсынылмаған.
Департаменттің араласуынан кейін азаматтарға қызмет көрсету нәтижелері беріліп, олардың құқықтары қалпына келтірілді.
Жалпы, мерзім бұзу фактілеріне жол берген 22 лауазымды тұлғаның тәртіптік жауапкершілігі қарастырылды.