Президент Жарлығына сәйкес елімізде АЭС салу не салмау туралы сұрақтың жауабын референдум арқылы халық шешеді.
07/09/2024 06:40
441
оқылды
Дегенмен АЭС-тің пайдасы қандай, зияны бар ма деген мәселеде маманның пікірі маңызды. Біз экономист Сапарбай Жобаевпен атом энергиясының экономикалық тиімділігі және энергетикалық қауіпсіздігі туралы бірқатар сұрақ төңірегінде әңгімелескен едік.
– Сіз АЭС салуды қолдайсыз ба? Әлемдік тәжірибеде қай елдің АЭС-сы қауіпсіз саналады және біз кімді таңдаймыз деп ойлайсыз?
– АЭС салуды қолдаймын. Бүгінде әлем бойынша 31 елде 415 атом реактор бар болса, тағы 60-қа жуығы жаңадан салынып жатыр. Әлемдегі ең қуатты атом электр станcалары Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ-та орналасқан. Ал Қытай, Үндістан, Түркия, Мысыр сынды елдер соңғы жылдары атом энергетикасына белсенді түрде инвестиция салып жатыр. Егер 6 қазанда халық қолдап, елімізге АЭС салу туралы шешім қабылданатын болса, қазір 4 елдің тәжірибесі қарастырылып жатқанын білеміз. Олар – қытайлық CNNC, кореялық KHNP, ресейлік «Росатом» және француздық EDF компаниялары. Меніңше, бұл елдің қай-қайсысы салса да алдымен біздің ел үшін қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән береді деп ойлаймын. Мәселен, Ресей қазір Түркияға АЭС салып жатыр. Егер біздің мамандар Ресеймен шарт жасап жатса, оған таңғалудың қажеті жоқ.
АЭС тарихында 3 ірі апат болды: АҚШ-та, Чернобыльде және Жапониядағы Фукусима-1 стансасында. Халық жадында осы апаттардан қалған қорқыныш бар. Дегенмен әлем елдері ғылыми-технологияның дамуы және апаттардан алған сабақ пен тәжірибеге сүйене отырып, қауіпсіздік көрсеткіштері біршама күшейтілген жаңа буын реакторларын пайдалануды қолға алды деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі күні АЭС-тен келетін апаттың алдын алу әлемдік деңгейде сын-қатерден өтті деп айтуға болады.
– АЭС салудың еліміз үшін стратегиялық және экономикалық тиімділігі қандай? Ол өзін ақтай ма? Экологиялық зардабы жоқ па?
– Бұл – күрделі сұрақ. АЭС салудың инвестициялық шығындары есебінен электр энергиясы қымбатырақ болуы мүмкін. Неге? Себебі көмір ең арзан электр энергиясын береді. Мәселен, 2010 жылдарда Екібастұз ЖЭС-да өндірілетін электр қуатының өзіндік құны 4 теңге еді, қазір 7 теңге деп айтып жүр. Ал АЭС 11-15 теңге болуы мүмкін. Біз Киото хаттамасына және Париж келісіміне қосылған ел ретінде климаттық өзгеруге себеп болып отырған қауіпті қалдық шығаруды қысқарту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу секілді стратегиялық міндеттемелерді орындауымыз керек. Ал АЭС-тан көмірқышқыл газ шықпайды. Сондықтан оның қауіпсіздік мәселелері туралы мамандардың уәжіне құлақ асуымыз керек. Яғни, көмірқышқыл газ шықпағаннан кейін оның климатқа әсері жоқ десек те болады. Сондықтан біз әлемдік тәжірибеде жасыл энергетика көзі саналып отырған АЭС салуға, жасыл энергияға өтуге көбірек әрекет жасауымыз керек.
Қазақстан күн және жел, су сияқты табиғи ресурстары өте қуатты ел дегенге мен қосыла алмаймын. Біз бар болғаны 3-4 пайыз ғана су электр стансаларынан электр тогын ала аламыз және солтүстік аумақ өте үлкен, ал оңтүстікте күн электр энергиясы өзіне жетпейді. Оны тасымалдау өте тиімсіз. Күн сәулелі Түркияның өзі де күннен энергия ала алмай отыр. Жел бүгін бір жаққа, келесі күні басқа жаққа соғады, Мәселен, Қордайдан ары-бері өткен кезде көреміз, 15 шақты жел энергиясына арналған қондырғылары бар. Бастапқы кезде соның 10 шақтысы істейтін еді, қазір 4-5-і зорға істеп тұр. Сондықтан жел энергиясына сенім аз. Жел үнемі соғып тұратын жерлер бар, бірақ жел мен күн қуаты елімізде 4-5 пайыз, одан көбірек болады деу, мүмкін 10 пайызға баратын шғар, бірақ одан асады деп айта алмаймыз.
Экономика мен энергетика егіз ұғым десек, бізге экономиканың тұрақты, үздіксіз дамуы үшін тұрақты қуат көзі керек. Қазіргі тұжырымдама бойынша, АЭС кем дегенде 80 жылға дейін жұмыс істей алады. Мұндай ұзақ мерзімді перспективада бұл шыққан шығындарды неше есе артығымен өтейтіні даусыз.
– Ал АЭС-ті салуға, оны дұрыс пайдалануға отандық мамандардың әлеуеті жете ме?
– Мықты маман, білікті кадр тарапынан біздің елімізде проблема бола қоймайды деп ойлаймын. Бұрын Ақтауда заманында әлемде болмаған атом энергокомбинатының құрамында апатсыз пайдаланылған БН-350 жылдам нейтрондарындағы әлемдегі алғашқы энергетикалық реактор болды, онда білікті, тәжірибелі мамандар жұмыс істеді. Еліміз уран өндіру бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Республиканың атом өнеркәсібінің жаңа кәсіпорындары дамыды. Мысалы, былтырғы жылы Өскеменде ядролық отын өндірісі басталды. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық пен Алматыдағы ядролық физика институты бар дегендей барлық әлеуетімізді ескерсек, сала мамандарына қиындық туындамайды. Сонымен қатар АЭС салатын елмен келімісімшарт негізінде отандық мамандарды оқытуға мүмкіндік те уақытта болады деп ойлаймын.
Сондай-ақ қауіпсіздік мәселесінде АЭС бақылаусыз, кез келгеннің ермегі емес екенін ескеру керек. Мәселен, Атом Қуаты Халықаралық Агенттігі (АҚХА), яғни МАГАТЭ жарғысына сәйкес, еліміз атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланушы ел ретінде бірқатар қауіпсіздік және сапалық талаптан тұратын, 20 шақты шартқа сай болуы керек. Сондықтан қай ел салса да алдымен халықаралық шарттар ескеріледі деп ойлаймын.
– АЭС құрылысына қазір екі аумақ таңдалған екен. Алайда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылына салған тиімдірек деген пікірді қолдаушылар басым секілді. Сіз қай аумақта салған тиімді деп ойлайсыз?
– Меніңше, АЭС сулы аймақта болғаны дұрыс. Себебі суды салқындататын қондырғыға су қажет болады. Бірақ сарапшылар бұл Балқаштың су көлеміне кері әсері болмайды деп отыр. Еліміз бойынша ең алдымен энергия тапшылығы оңтүстік жақта қатты сезілуі мүмкін деген болжамға сенсек, АЭС-ті оңтүстік өңірге қарай салған жөн. Сонымен қатар экономикалық тұрғыдан да тиімді.
АЭС-тің тиімділігіне тоқталар болсақ, бүгін бізде электр қуаты тапшылығы қазірдің өзінде білінеді. Мәселен, 2023 жылы біз Ресейден 2 млрд кВ электр энергиясын валютаға сатып алдық, бұл бізде өндірілетін 135 млрд кВ-қа жақын электр энергиясымен салыстырғанда 2 пайыз ғана болуы мүмкін. Бірақ бұл тапшылық болашақта көбейе береді. Сондықтан өнеркәсібі дамыған үлкен қалалардың жанынан бір ғана емес, бірнеше АЭС салған дұрыс. Мұхтар Жәкішев кішігірім қуатты АЭС салып, оның да пайдасын көру керек депті. Ол туралы да ойланып, мамандар дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын.
– Рақмет!
Әңгімелескен
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ