Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу қағидалары
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысы
Алгоритм
- Материалдық залал келтірілген зардап шегушілер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға (әкімдік) материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.
Жәбірленушінің өзінің өтініш жазуға мүмкіндігі болмаған жағдайда, оның туыстары немесе сенімхат негізінде өзге де адамдар, сондай-ақ егер жәбірленуші кәмелеттік жасқа толмаған болса, заңды өкілдері келтірілген зиянды (залалды) өтеу туралы өтінішпен жүгіне алады.
Келтірілген залалды өтеу туралы өтінішке: зардап шегуші адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; табиғи сипаттағы ТЖ туындаған сәттен бастап немесе ТЖ жою кезеңінде зардап шеккен адамның жоғалған және/немесе бүлінген мүлкінің тізбесі қоса беріледі.
2. Өтініштер мен құжаттарды тіркеуді әкімдік зардап шегушіге құжаттардың қабылданғанын растайтын қолхат бере отырып, материалдық залалды өтеу туралы өтініштерді тіркеу журналында жүргізеді.
3. Материалдық залалды өтеу туралы өтініш әкімдікке құжаттар келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралады.
4. Әкімдік өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде бағалаушыны тарта отырып, келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды (өтініш берушінің мүлкіне қолжетімділік болуға тиіс) ұйымдастырады. Жәбірленуші бағалау жүргізілетін уақыт пен орынды анықтайды, кейін жәбірленуші бағалау туралы есеппен танысуға тиіс.
5. Әкімдік бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың бюджетін атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісілген қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды.
6. Зардап шеккендерге төлем тиісті шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырылады.
Мүлікті толыққанды әрі сапалы бағалау үшін сарапшылардың жұмысы су тасқыны жағдайы тұрақталып, үйлер мен аула аумақтарынан су толығымен тартылғаннан кейін басталады.
Жергілікті атқарушы органдарға қажет болған жағдайда өтініштерді қабылдау мерзімін ұзарту тапсырылды.