Өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет – Мемлекет басшысыАСТАНА. ҚазАқпарат – Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Енді экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталайын. Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президенттің айтуынша, бұл ретте металды терең өңдеу мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн.«Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», – деді Мемлекет басшысы.Президент еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керектігін айтты.«Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Осы орайда, Президент кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуы тиіс екенін тапсырды.«Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет. Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз. Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек», – деді Мемлекет басшысы.Президенттің пайымынша, сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет.«Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісім-шарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз», – деді Мемлекет басшысы.
Өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет – Мемлекет басшысыАСТАНА
Запись опубликована в рубрике Архив. Добавьте в закладки постоянную ссылку.