АСТАНА. ҚазАқпарат – 19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депуттарының кезектен тыс сайлауының жаңа форматы Қазақстандағы саяси жүйенің демократиялануының көрсеткіші саналады. Мұндай пікірді саясаттанушылар мен сарапшылар білдіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Парламент саяси құрылым тұрғысынан алуан түрлі боладыҚазақстандық саясаттанушы Эдуард Полетаев биыл сайлау мажоритарлы-пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша өтетінін айтады.«Мұны саяси жүйені демократияландырудың, оны жаңғыртудың көрсеткіші деуге болады. Бұл қазақстандық саясат үшін, оның көппартиялы болуы үшін тұрақтандыратын фактор. Саяси құрылым тұрғысынан Парламент алуан түрлі болуы мүмкін. Оған қоса, бұл алдағы сайлаудың маңызды интригасы, яғни басым партия мен қалған екі партия сол және оң қанатты тұрақтандырғыш рөлін атқарып келді. Енді бұл партиялық ландшафт Парламентте қалай көрініс табатынын болжау қиын», – деді Эдуард Полетаев.Біріншіден, ол Парламент депутаттарының саны 107-ден 98-ге дейін қысқаратынын, екіншіден, бір мандатты адамдар пайда болатынын, яғни бір мандатты округтер бойынша 29 адам сайланатынын еске салды. Партиялар үшін сайлау шегі 7-ден 5% дейін төмендеді, 30% – жастар, әйелдер, мүгедектігі бар жандар болуы керек деген талап бар.«Нәтижесінде сайлауға көбірек партия қатыса алады, мәслихаттардың рөлі арта бастайды, 3 мыңнан астам адам сайланады, ал мәслихаттар партиялық тізім бойынша – 50%, округтер бойынша – 50%, аудандар деңгейінде – 100% өзін-өзі ұсынушылар қағидатымен сайланады. Бұл да мәслихаттардың ықпалын арттырады және бәсекені күшейтеді. Яғни, өзін-өзі ұсынғандар есебінен сайлау қызықты өтуі мүмкін», – деп толықтырды саясаттанушы.Оның пікірінше, сайлаудың жаңа форматы сайлаушылардың көптеп келуіне ықпал етеді. Билік тарапынан да сайлаушыларды дауыс беруге тарту жұмыстары белсенді бола түсті.«Билік бұл науқанның еш кедергісіз өтуіне, техникалық жарақтануына, сайлаушыларға қолайлы жағдай жасауға тырысады. Жасыратыны жоқ, сайлаушыға бірден 4-5 бюллетень беріледі, олардың шатаспауы өте маңызды. Сондықтан ұйымдастырушылық дайындыққа баса мән беріледі», – деп қорытындылады саясаттанушы.Алдағы сайлауда көшбасшылық кімге бұйырадыАл саясаттанушы Данияр Әшімбаев алдағы Мәжіліс сайлауында қай партияның бәсі жоғары болатынына болжам жасауға тырысты.«Алдағы сайлауға қатысты қазір қандай да бір болжам айту қиын. Бұрынғы брендпен және бұрынғы басшылықпен сайлауға тек «Ақ жол» партиясы ғана барады. Ал AMANAT партиясы осыған дейінгі сайлауда «Нұр Отан» деп аталғаны белгілі. Оның атауы, басшылығы, активі өзгерді. «Қазақстан халық партиясы» да басшылығын ауыстырды, сондай-ақ ондағы кикілжің партияның беделіне нұқсан келтірді деп санаймын. Сонымен қатар, сайлау қарсаңында құрылған екі жаңа партия пайда болды. Дәл қазір олардың сайлау алдындағы стратегиясы қандай болатынын, қандай активке ие болатынын бағалау қиындау», – деді Данияр Әшімбаев.Оның пікірінше, тәжірибесі мен ресурстық базасын ескерсек, AMANAT партиясы жеңіске жетуі мүмкін. Партияның ілгерілеуіне көптеп жұмылдырылған белсенділер, Мәжілісте жұмыс істеген фракция, сондай-ақ көпшілікке танымал басшылығы өз әсерін тигізеді.«Екінші орынға «Ақ жол» партиясы шығады деп ойлаймын. Өйткені, олардың бағыты белгілі және ел арасында танымал болып тұр. «Қазақстан халық партиясына» қатысты нақты айту қиындау. Партиялық тізімі де айтарлықтай оптимизммен қарайтын деңгейде емес. Бұған дейін Парламент депутаттарын сайлауда «Ауыл» партиясында елеулі жетістік болмаған еді. Ал партия атынан ұсынылған жаңа тізімді осыған дейін президенттік сайлау науқанындағы екі экс-кандидаттар – Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден бастап отыр. Олар былтыр күздегі сайлау кезінде сайлаушылар арасында біраз танылған адамдар. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы өзінің көрсеткіштерін жақсарта алады, бірақ қаншалықты ілгерілейтінін айту қиын», – деді саясаттанушы.Оның сөзіне қарағанда, жаңадан құрылған Respublica және BAYTAQ партиялары кандидаттарының тізімдерінде танымал адамдар болғанымен, айтарлықтай әсер қалдырмай тұр.Сонымен, саясаттанушы сайлауда алдыңғы қатардан көрінетін партияларды тізіп берді. Олардың арасында AMANAT, «Ақ жол», «Ауыл», «Қазақстан халық партиясы» және «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» бар.Сайлауда бәсекелестік жоғары боладыҚазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров алда өтетін Мәжіліс пен маслихат сайлауының ерекшеліктеріне тоқталып, Қазақстанда жүріп жатқан ірі реформалар саяси доданың тәртіптері мен оның өту процесіне өзгеріс әкелгенін айтады.«2021 жылы парламенттік сайлау карантин жағдайында өтті. Бірақ бұл сайлау конституциялық мерзімде өтті. Алдағы сайлау саяси жүйенің жаңа ережелер бойынша мүмкіндігінше шұғыл жүзеге асыру үшін мерзімінен бұрын болады. Саяси реформалар сайлау өтетін жағдайларды айтарлықтай өзгертті. Мысалы, саяси партиялар Мәжіліске өту үшін сайлаушылардың 5 пайыз дауыстарын жинау керек. Бұл партияларға жеңілдік болып көрінеді. Бірақ жаңа партиялар пайда болды, ал кейбір партиялар ребрендингтен өтіп, оларға жаңа көшбасшылар келді. Бұл сайлаудың ең маңызды ерекшелігі – мажоритарлық жүйе бойынша депутаттардың бір бөлігін сайлау. Олар тек партия мүшелері ғана емес, сонымен қатар ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ өзін-өзі ұсынып, сайлауға шыға алады. Мұндай жүйе бұрын болған, бірақ 2021 жылғы сайлауда барлық мәслихаттар партиялық тізімдер бойынша құрылды. Негізінде біз аралас сайлау жүйесіне қайта оралдық», – деді Ермек Тоқтаров.Оның сөзінше, сайлауда өзін-өзі ұсынған кандидаттарға дауыс беру халықтың саяси процестерге тікелей араласуына, олардың маңызды шешімдер қабылдауда өзіндік үн қосуына ықпал етпек. Яғни, бір мандатты округтер бойынша сайланған депутат азаматтардың мүддесін мінберде көтеруге мүмкіндік алады.«Өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат болып сайланған жағдайда қоғамдық саясаттың маңызды қатысушылары болады. Олар округтен келген өз сайлаушыларының мүдделерін қорғауға міндетті. Бұл депутаттар азаматтар жағынан мұқият қадағаланады, өйткені олардың мандатын қайтаруға мүмкіндік бар. Жергілікті тұрғындар үшін бұл өз мүдделерін Мәжіліс деңгейінде де, мәслихаттар деңгейінде де қорғауға үлкен мүмкіндік. Мұндай жағдай азаматтарды қызықтырады және олардың саяси қатысуының тиімділігін арттырады деп сенемін», – дейді сарапшы.Естеріңізге сала ктесек, Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызда өтеді. Сонымен қатар дәл осы күнге жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау да жоспарланған. Сайлауға елімізде тіркелген барлық 7 саяси партия қатысады.https://www.inform.kz/kz/saylaudyn-zhana-formatyna-katysty-sayasattanushylar-pikiri-kanday_a4034600
Сайлаудың жаңа форматына қатысты саясаттанушылар пікірі қандай
Запись опубликована в рубрике Архив. Добавьте в закладки постоянную ссылку.