Сайлауға дайындық заңнама талаптарына қатаң сәйкестікте жүргізіліп жатыр

Сайлау науқаны «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде ұйымдастырылуда. Орталық сайлау комиссиясы сайлау үдерісінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін комиссия мүшелерін даярлауға ерекше көңіл бөліп отыр.

Екі апта ішінде Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің барлық 20 өңірін аралап, 100-ден астам сайлау учаскесіне барды және 21 оқыту семинарын өткізді. Оларға 3 382 сайлау комиссиясының мүшесі қатысты.

Жалпы сайлау комиссиялары жүйесінде 86 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың қатарында 1 729 аумақтық, 15 мыңнан астам округтік және шамамен 70 мың учаскелік комиссия мүшесі бар. Оқыту жұмыстары барлық деңгейде жүргізіліп, кандидаттармен, байқаушылармен және БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл мәселелерін қамтиды.

Халықты ақпараттандыру жұмыстары да кең көлемде жүргізілуде. Ақпараттық материалдар 38 өңірлік телеарнада, 35 радиоарнада, 119 өңірлік БАҚ сайтында және 200-ге жуық өңірлік басылымда жарияланған. Сонымен қатар қалаларда 7 мыңға жуық сыртқы ақпараттық материал орналастырылған.

GOV.KZ порталы мен eGov Mobile қосымшасында азаматтарға өз сайлау учаскесін анықтауға арналған сервис жұмыс істейді. 19 қарашада SMS-хабарламалар, 23 қарашада push-хабарламалар жіберілді. Ал 25 қарашада банк қосымшалары арқылы хабарламалар жолданды.

Орталық сайлау комиссиясының сайтында «Sailau AI» жасанды интеллект көмекшісі қолжетімді. Бұдан бөлек, учаскелік комиссия мүшелері азаматтарға жеке шақыру қағаздарын табыстап, өңірлерде байланыс орталықтары жұмыс істеп жатыр.

Запись опубликована в рубрике Архив. Добавьте в закладки постоянную ссылку.