АСТАНА. ҚазАқпарат – Сайлау учаскелерінің жұмысын ұйымдастыру тәртібіне байқаушылар жақсы баға беріп отыр. Бұл туралы Ұлыбритания парламенті Қауымдар палатасының жоғары саяси кеңесшісі Реза Табризи айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Осыған дейін Қазақстанған 2019 жылы өткен сайлауға байқаушы ретінде келген болатынмын. Атап айтқанда, 1992 жылдан беру осы елге жиі сапармен келіп жүрмін. Жалпы бүгінгі салау нәтижесі туралы әлі айту ертерек. Таңертеңнен бері үш учаскеге барып үлгердім. Бұл сайлау учаскелерінде дауыс беру жақсы қарқында жүріп жатыр», – деді Р. Табризи елордадағы Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығындағы брифингіде. Осы орайда ол сайлау учаскелерінде заң талаптары сақталып отырғанын айтты. «Сайлау учаскелеріндегі рәсімдердің барлығы ашық өтіп жатқанын байқадық. Дауыс беру үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жағдай жасалған. Осы жұмыстардың барлығын байқаушылар жақсы бағалап отыр. Сайлау учаскелеріне келген тұрғындардың да көңіл-күйі көтеріңкі екенін байқадық. Жалпы, баршасы осы сайлаудың ашық өткенін қалайды және дауыс беру науқаны заң талаптарына сәйкес өтуінің маңыздылығын жақсы түсінеміз. Бұл өз кезегінде Қазақстанның болашағына үлесін қоса алатын жастар үшін жақсы мүмкіндік», – деді Ұлыбритания парламентінің өкілі.
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандағы сайлау учаскелеріндегі рәсімдер ел заңнамасына және сайлау өткізудің халықаралық стандарттарына толығымен сәйкес келді. Бұл туралы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылар тобының үйлестіруші Дилрабо Мансури айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Бүгін тура сағат 7-де сайлау учаскелерінің ашылғанын көрдік. Таңертеңнен учаскелерде тіпті кезек болғанын, сайлаушылар белсенділік танытып жатқанын, мерекелік көңіл-күйді байқадық. Сағат 7-де сайлау учаскесі ашылған кезде Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды және одан әрі барлық рәсімдер Қазақстанның заңнамасына және сайлау өткізудің халықаралық стандарттарына толығымен сәйкес келді», – деді Дилрабо Мансури елордадағы Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығындағы брифингіде.Оның айтуынша, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылары барған сайлау учаскелері жақсы дайындалған. Барлық талаптар сақталған, дауыс беруге, соның ішінде мүгедектерге де жағдай жасалған.Өз кезегінде ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесі хатшылығының басшысы – Бас хатшысы Дмитрий Кобицкий сайлау комиссиясы мүшелерінің дайындығына жоғары баға берді.«Ұлттық бақылаушылар да өздерінің міндетін лайықты деңгейде атқарып жатыр. Атап айтқанда, қазіргі уақытта біз заң бұзушылықтарды көрген жоқпыз», – деді Д. Кобицкий.ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша республиканың 2 792 962 азаматы бюллетень алды. Ол тізімге енгізілен азаматтардың 23,37 пайызын құрайды.